ГАЛИНА ШУКЕ, - "ХАЛЫҚТЫҢ ШӘКІРТІ ЖӘНЕ ҰСТАЗЫ"

    Адамның ең үлкен байлығы –оның білімі. Ерте замандарда білімді бойына жинақтап, оны адамдарға беретін абыздар болатын. Олардың неғұрлым данышпандары мен дарындыларының есімдері өзі тіршілік еткен жерлерінің, өмір сүрген елдерінің шеңберінен шығып, атақтары алыс шартарапқа тарап кететін.  Қазіргі әлемде ағартушылық қызметін қаламын серік еткен жандар-жазушылар атқарады. Жазушы халқының ұстазы және қызметшісі. Ол өмір бойы үйренеді және үйретеді, өзі неғұрлым көп білген сайын адамдарға да соғұрлым мол рухани азық бере алады. Ол – мәңгі оқушы және ұстаз.  

    Бекет Қарашин өз халқының талантты, қажымайтын оқушысы, әрі ұстазы болып келе жатыр. Ұлы абыздардың тек өз халқы үшін ғана емес, өзін қажетсінгендердің барлығына қызмет қылғанындай, Бекеттің шығармашылығы білім іздегендердің бәріне, жер шарын мекен еткен халықтардың арасындағы ешқашан үзілмейтін жанды байланыстарын көре білетіндердің барлығына қызмет етеді.

    Бекеттің шығармашылығы терең, әрі адамгершілікті, сондықтан тек зерттеуші оқымыстыларға ғана емес, мейірімді және бейбіт тату адамзат қоғамында өмір сүргісі келетін күллі адамдарға қызмет етеді және солай болуы тиіс.

    Бекет бәріне ғашық: табиғатты, оның перзенттері –құстар мен жануарларды, тіршіліктің бір бөлігі – адам баласын. Бұл махаббат оған жинақталған білімімен және өзінің ашқан жаңалықтарымен үнемі бөлісіп отыруға күш-жігер және ұмтылыс береді. Өзі жазған тақырыптарына деген сүйіспеншілік оның шабыттанған жүрегінен өлең болып өріліп шығады. Оның сүйіспеншілік сәулесінің нұрымен көмкерілген туындыларын бір деммен тамсана оқып шығасыз.

    Табиғат оған заманалардың тұңғиығына еніп кету қабілеті бар және басқаларға көруді жазбағанды көре алатын таңғажайып бір түйсік сыйлаған. Сөз өнеріне деген ғашықтық оған көкке көтеріліп қалықтайтын, бәріне де уақыттың биігінен, оқиғалар мен тағдырлардың заңғар көгінен қарауға мүмкіндік беретін қанат бітіреді. Бекеттің шығармашылығы–махаббаттың ғажайып ән-жыр шашуы, адамның өмір жолында кездесетін барлық ізгілікке арналған мадақтау. Күллі келеңсіздіктер мен көлеңкелі сәттер жазушының барлығын қапысыз аңғаратын жанарларының мейірімді шұғыласының сәулелерінен әлсіреп буалдыр тартып жоғалып кетеді, себебі, ол түптің түбінде адамзат ақыл-ойының жеңісті салтанат құратынына сенеді.

     

     

    ГАЛИНА ШУКЕ, филолог,  лингвист,  түркітанушы (Латвия,   Даугавпилс қаласы)

     

     

    «Атырау» газеті, 5 қараша, 2013 ж