Қ.Серікқызы. - "Академик З.Қабдолов медалінің жаңа иелері"
«М.Әуезов қоры» қоғамдық қорында қазақтың көрнекті қоғам қайраткерлері Герольд Бельгерге («Қазақ тілінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін» номинациясы бойынша); Шамғон Қажығалиевқа («Тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті мен өнерін дамытқаны үшін» номинациясы бойынша); Мұрат Әуезовке («З.Қабдолов қорына зияткерлік қолдау көрсеткені үшін» номинациясы бойынша) академик Зейнолла Қабдолов атындағы Халықаралық марапат – естелік диплом мен «Академик Зейнолла Қабдолов» медалі табыс етілді.
Студенттердің арасында аңызға айналған санаулы ұстаздардың бірі Қабдоловтың атын иеленген қор 2009 жылы ашылып, содан бері ғалымның мұрасын кеңінен насихаттау, еліміздің мәдени-рухани өміріне үлесін қосу мақсатында жұмыс істеп келеді. Ал 2012 жылдан, яғни З.Қабдоловтың 85 жылдығына орай қазақ мәдениеті мен руханиятына үлесін қосып жүрген тұлғаларымызға академик атындағы арнайы марапат тағайындалып келеді. Бұған дейін аталған марапатты Бейбарыс сұлтанның тарихи тұлғасы мен ролін зерттегені үшін «Әл-Ақса» академиясының ректоры Наджех Д.Бкерат, З.Қабдоловтың шәкірттерінің бірі Қадыр Жүсіп, шығармашыл жастарға қолдау көрсеткені үшін Қойшығұл Жылқышиев, драматургия және прозадағы әдеби шеберлігі үшін жазушы- драматург Рақымжан Отарбаев, т.б. тұлғалар иеленген.
Академик Зейнолла Қабдолов атындағы қор директоры, философ-этнограф, ақын Бекет Қарашин марапаттың мәдени және адамгершілік негіздегі шығармашылық дәстүрлердің дамуы мен сақталуына үлес қосқан, Отандық және әлемдік мәдениет, саясат және бизнестің көрнекті өкілдері үшін тағайындалатынын айтты да, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, педагог Шамғон Қажығалиевке сыйлықты бірер күн бұрын жеткізгенін айтты: «Шамғон Сағаддинұлы сырқатына байланысты марапатты салтанатты табыстауға келе алмайтын болғандықтан, медальді ақсақалдың үйіне апарып, құттықтап қайттық. Ағамыз Қабдолов қорына алғысы мен сіздерге ыстық сәлемін жолдады», – деді.
Зейнолла Қабдоловтың өмірінен сыр шерткен Герольд Бельгер 1962 жылдардан басталған таныстықтың достыққа, шығармашылық байланысқа алып келгенін айтып: «Мен үшін бұл марапаттың орны бөлек. Сіздер ұсынған сыйлықты шын жүрегіммен, қуанышпен қабылдадым. Сөз зергерінің қорына қолдан келген көмегімізді аямаймыз», – деп, Қабдолов қорының қызметкерлеріне алғыс білдірді.
«Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдолов – ұстаз бен шәкірт қана емес, рухани туыс, дүниетаным жағынан өте жақын адамдар еді. Сондықтан осы екі қордың да тығыз байланыс орнатуы тегіннен-тегін емес. Ал Қабдолов қорына шығармашылық табыстар тілеймін! Себебі, қордың алдындағы мақсаты биік, жүгі ауыр, ғалымның талай мұрасын әлі халқымен қауыштыруы керек», – деген Мұрат Әуезов Зейнолла Қабдолов атындағы марапаттың берілуі өзі үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.
З.Қабдолов қорының қызметкерлері, академиктің балалары мен немерелері де шараға қатысып, марапат иелерін құттықтады.
Қ.Серікқызы.
Қазақстан Жазушылар Одағының сайті
ссылка: http://writers.kz/anons/?ID=6350