ЖЕРЛЕСІМІЗДІҢ ЖАҢА ЖҮЛДЕСІ

    Халықаралық Жазушылар Гильдиясының, сондай-ақ “Жаңа замандас” Халықаралық Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, атыраулық ақын, әрі жазушы Бекет Қарашин Германияда беделді Халықаралық әдеби “Русский стиль” байқауында екі номинация бойынша жүлдегер атанды.
    Осымен дәстүрлі түрде жетінші рет ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі фестиваль қатынасушылардың жасы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, іріктеу жұмыстарын жүргізіп, жүзден жүйрік шыққандарға арнайы марапаттар ұсынып отырады. Әлемнің әр түкпірінен жиылып, әдебиеттің әр саласы бойынша жазылған туындыларын байқауға жолдаған бірнеше ұлт өкілдерінің арасында біздің жерлесіміз Бекет Қарашин де бар.

    Ол биылғы жылы “Әдебиеттану және эссеистика” номинациясы бойынша байқау комиссиясы үздік деп танығандар қатарында. Байқау ұйымдастырушылары оған “Автор - стильное перо!” атағын берді. Айта кетелік, жерлесіміздің жоғары дәрежедегі жетістігі әдеби зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сай берілген. Нақтырақ айтқанда, «Игорь полкі туралы сөз» шығармасының түпнұсқа мәтінінен көптеген “қара дақтың” бетін ашқан Б.Қарашин поэманың кейбір үзінділері бойынша өзінің жаңалықтарын ұсынған. 
    Ал, “Проза” аталымы бойынша Бекет Қарашинге байқау дипломанты атағы берілді. Айта кетерлігі, осы номинацияға ұсынылған “Дядины забавы” әңгімесі бұған дейін авторға “Флорида Кон” (АҚШ) Халықаралық байқауының лауреаты атағын алып берген болатын, сондай-ақ Халықаралық Кавериндік әдеби сыйлықтың (Ресей, Псков-Мурманск, 2012 жыл) лауреаты атағымен қоса, Бекет Қарашин В.А.Каверин атындағы медальмен марапатталған еді.
    Қашан да ел тарихы мен әдебиеті, мәдениетіне қатысты жарқын жобалардың бастамашысы ретінде бірнеше игі іске мұрындық болып, академик Зейнолла Қабдолов атындағы қордың директоры лауазымында табысты еңбек етіп жүрген Бекет Қарашинның ана тіліне қатысты да бірнеше жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқанына ел куә.
     
    Ал, жоғарыда аталған марапаттар - жерлесімізге өзінің 60 жылдығы қарсаңында жасалған сыйлық, оның әдеби таланты мен шеберлігін шет ел оқырмандарымен қоса, әдеби бәйгелерді ұйымдастырушылардың да мойындауы деп білеміз. 

     

    «Атырау». 30 ҚЫРКҮЙЕК 2013

    Өз тілшіміз.