Мұрат Әуезов: Тіл мен дінге діл дербестігі арқасында оралдық
Әңгімелескен
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
«Еgemen Qazaqstan»
– Мұрат аға, биыл – Абай жылы. Абайды тануға деген ықылас жыл өткен сайын артып келеді. Қоғам дамуының эволюциясы бойынша Абай қазақ тарихына көшпенділер өркениетінің аманаты болып енді. Абай заманынан кейін қазақ көшпенділер өркениетімен қош айтысып, жаңа қоғамдық формацияның есігін ашты...
– Мәдени процестің өз заңдылықтары бар. Мен «Мәдени мұра» бағдарламасының ішкі логикасын бір жүйеге келтіруді мойныма алғанымды айтайын. ХХ ғасырдағы аса зор қасірет – ашаршылық болды. Бұл – көшпелі өркениеттің күйреуі. Ал көшпелі өркениет осыдан екі жарым мың жыл бұрын темір дәуірінен басталды. Темірден жасалған ауыздық, үзеңгі, ер-тұрман пайда болғаннан бастап еуразиялық кеңістікке көшпенділер шықты. Бұл – ғылыми-техникалық төңкеріс болды деген сөз. Көшпенділер тарих сахнасына шыққан соң ел мен елдің, жер мен жердің байланысы күшейіп, үлкен күшке айналды. Бір-бірімен онша байланыспайтын Қытай мен Үндістанның қарым-қатынасы Жібек жолының көмегімен жүзеге асты. Миграция мен басқыншылықтар да болды, олар да түптің түбінде мәдениеттің дамуына үлес болып қосылды.
– Сол кезде әлемдік діндер тарих сахнасына шықты.
– Қытайда Конфуций мен Лаоцзы туды, Үндістанда буддизм тарала бастады, Заратуштра да сол кезде дүниеге келді. Грек қоғамында да біраз өзгерістер болды, мифтің орнын тарих пен философия басты. «Библиядағы» оқиғаларды шолып қарасақ, Еуропа мен оған таяу аймақтарда да үлкен қозғалыстар пайда болды. Ақырында заманында жарты әлемді билеген көшпенділер өркениеті тығырыққа тірелді...