Академик З.Қабдолов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

    Бүгін Атырау қаласында Қазақстанның халық жазушысы, ғалым, ұстаз, академик Зейнолла Қабдоловқа арналған ғалымның тұрған үйінде ескерткіш тақта орнатылды.


    Осы рәсімге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, академиктің шәкірті профессор Қадір Жүсіп бұл ескерткіш тақтаның қойылуының терең тарихи-танымдық мәні бар екендігін айтып өтті. Сондай-ақ Атырау университетінде 2000-2004 жылдары дәріс оқып, оқу орнының ғылыми әлеуетінің нығаюына зор еңбек сіңірген ғалым ұстаздың өмірі мен шығармашылық жолына арналған өз естеліктерімен бөлісті.


    Шараны ұйымдастырған З.Қабдолов қорының директоры Бекет Қарашиннің бастауымен өңірдің ғылымы мен мәдениетінің, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар тұлғалар «Академик З.Қабдолов» қоры атынан арнайы алғыс хат және төсбелгілермен марапатталды. 


    Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенті З.Қабдолов атындағы шәкіртақы иегері А.Шунгульбаева ақын Қ.Жүсіптің «Ұйықтап жатыр Ұлы адам» атты дастанынан үзінді оқыды. Сонымен қатар Алтынай Шунгульбаева жазушы шығармаларынан болған байқаудың жеңімпазы ретінде аталған қор атынан арнайы сыйақыға ие болды.


    Шараға университет ректоры Б.Мамраев және университет профессор-оқытушылар құрамы қатысты.